Жаңалықтар

Компаниялар мен тұрғындар көмек көрсетуде

Кеше Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында орналасқан Арыс қаласының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету пунктіне бір топ қала тұрғыны мен компания өкілдері келіп, азық-түлік және тұрмыстық өнімдер әкеліп тапсырды.

«Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, пунктке «Turkuaz Central Asia Trading» компаниясы 30 қорап күнбағыс майын, «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС 6 қорап киім-кешек және аяқ киімдер, сондай-ақ төсек-орын жиынтықтарын, ал «Ақтөбе нан» ЖШС макарон, тәтті нан өнімдері мен сусындар әкелген.

— Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуде қала тұрғындары белсенді атсалысып жатыр. Тұрғындар отбасымен келіп, пунктке азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық заттар әкелуде. Барлық қабылданған заттар осы аптаның аяғына Арыс қаласына жеткізілетін болады, — дейді ол.

Арыс қаласында болған оқиғаға орай жанашырлық танытып, гуманитарлық көмек көрсету пунктіне келген отбасылардың бірі — Бахиндер отбасы.

Екі бала тәрбиелеп отырған Әділбек пен Гүлайым Бахиндер арыстықтарға көмек көрсету үшін пунктке бірқатар азық-түлік және гигиеналық өнімдер әкеліпті.

— Болған оқиғаға орай арыстықтарға сабырлық тілеймін. Бүгін отбасымызбен осы пунктке келіп, өзіміздің қолымыздан келгенше көмегімізді беріп жатырмыз. Жолдасым монтаждаушы болып жұмыс жасайды, ал өзім бала тәрбиесімен үйде отырмын. Енді елімізде мұндай оқиға болмасын! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! — дейді Гүлайым Құсайынова.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button